Skip to main content

Алматы облысындағы «Жібек жолы» қайырымдылық қоры директорының орынбасары  Медетов Ашабай Бауыржанұлымен болған бүгінгі әңгімеден көңілге түйгеніміз көп. Ең бастысы, жақсылық пен қайырымдылыққа, мейірімділік пен ізгілікке жаны құмар жігіттің қазақты сүйген ұлтшылдығына тәнті болдық.

Сұрағымызды осы мекеменің құрылу тарихы мен мақсатынан бастасақ…

«Жібек Жолы» қауымдастығына тиесілі мекемелердің тарихы сонау 1992 жылы Ақмола облысынан бастау алады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қазақ балалары сауатын ашып, бірте-бірте шәкірт тәрбиелеуге, жаңа мекемелер ашып, ел игілігіне қолдануға атсалыса бастағаны белгілі. Негізі қаланғаннан кейін аталған мекеменің жұмысына оң баға берген Қазақстан азаматтары өз қалаларында да мұндай игі істі жалғастыруға ниет білдірген еді. Осылайша, Павлодар, Алматы, Шымкент, Ақтөбе сияқты қалаларында да жалғасын тапты. Қауымдастықтың мақсаты – өскелең ұрпаққа жайлы жатын орын, адал ас беріп, ыңғайлы орта қалыптастырып, материалдық көмек көрсету. Елін сүйіп, жерін қадір тұтатын, тарихын танып, дәстүрін ұғатын, тілін құрметтеп, дінін қастерлейтін өнегелі ұрпақ тәрбиелеу. Біздің басты миссиямыз заман талабына сай жастардың зайырлы білім алуына жағдай жасай отырып, оларды салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеу.

Қазіргі таңда қанша бала білім алуда? Барлық баланы қабылдайсыздар ма?
Бүгінде «Жібек жолы» қайырымдылық мекемелер қауымдастығына кіретін республикамыздың түкпір-түкпірінде елімізге қызмет етіп жүрген 90-нан астам мекеме бар. Онда жалпы саны 3000-нан астам бала тәрбиеленуде. Мекемелеремізге кез келген ата-ана баласын әкеле алады. Соның ішінде, әрине аз қамтылған жанұя, көп балалы отбасының баласына басымдылық беріледі. Дегенмен, біздің негізгі мақсатымыз жасөспірімнің білімін дамыту мен тәрбиеле болғандықтан, қандай да бір статусқа ие отбасының балаларын ғана аламыз деп шектемейміз. Яғни, әрбір оқушының бізге қабылдануына мүмкіндігі бар.

Арнайы спонсорларыңыз бар ма? Қайдан келіп жатқан көмек?

Біздің мекеменің қаржыландыру мәселесіне келер болсақ, басты демеуші – сіз бен біз, яғни, халық. Кім қанша үлес қосқысы келсе, сонша қосады. «Көп түкірсе, көл» дейді емес пе? Расымен де, мекеме толығымен қайырымды жандардың қолдауының арқасында жұмыс істеп тұр. Еліміздегі баланың болашағына бей-жай қарамайтын азаматтар қаржылай қаржылай көмек көрсететіні жасырын емес. Ерекше атап айтатын спонсорлар жоқ, дегенмен жылдар бойы көмегін аямай, бір емес бірнеше баласы біздің орталықта білім алып, кейін өздері жанұя құрып, кәсіп жасап жатқан түлектеріміз бар.

Қателеспесем, мектеп интернат болып табылады ғой. Ата анасынан бөлек болу бала психологиясына қалай әсер етеді?

Мекемелеріміздің жалпы қызметі жалпы білім беретін интернаттарға ұқсас болып келеді. Бірақ, заңды түрде интернат емес, қайырымдылық мекемелерінің жатақханалары болып есептеледі. Бізде де балалар интернаттығы сияқты 5-6 күн білім алып, демалыс күндері үйлеріне барады. Ата-анасынан бөлек болу, керісінше, бала психологиясына жақсы әсер етеді дер едім. Себебі, әрине бала өмір бойы ата-анасымен бірге болмайды ғой. Әркімнің өз жолы бар, өмірде өзінің алар сабағы болады дегендей, осы ретте арадағы қашықтық психология тілімен айқанда алғашқы сепарациялық процесс деуге келеді. Яғни, ата-ана мен баланың бөлінуі. Бұл нәрсе баланың өзін-өзі танып, айналысымен дұрыс қарым-қатынас орнатуына септігін тигізеді. Сонымен қатар, баланың есеюіне ықпалын тигізері анық. Айта кетер бір жайт, біздің мекеме мемлекет бақылауында болғандықтан, баланың уақытылы тамақтануы, сабаққа қатысуы, бос уақытын тиімді өткізуі, ұйықтайтын уақыты т.б. мәселелер баланың ой-өрісі мен жетілу деңгейіне қарай белгілі бір режим бойынша жүргізеледі. Әлбетте, әр баланың психологиялық мінез-құлқының дұрыс қалыптасуы үшін күндік жоспарының болуы аса маңызды. Тайм менеджмент деп жатамыз ғой. Сол ұғымды балаға кішкентайынан сіңіру керек. Сонда бала үлкен өмірде уақытын тиімді пайдалана алатын болады. Сонымен қатар, режимге үйренгеннің арқасында өз қалаған мақсаттарына оңай жеткізе алатыны белгілі. Бізде жоспарлы түрде барлығы ұйымдастырылғандықтан балада белгісіздік болмайды, тәрбиешілер әр баламен жеке-жеке жұмыс істейтіндіктен, балалар істерге іс таппай бос сенделіп жүрмейді. Бұл деген өте жақсы нәрсе.

Көбінесе балаларын әкелетін отбасылар кімдер және қандай жағдайда келеді?

Біз 6-сыныптан бастап оқушыларды қабылдайтындықтан, «өтпелі кезең» деп жатады ғой психологияда, осы кезеңіне тура келеді. Жасөсріпімдік кезеңнің қалай өтетінін бәріміміз білеміз ғой. Бұл кезең баланың ең қиын шағы десе де болады. Бұл кезеңде бала отбасында, қоғамда өзінің «ішкі Менін» көрсеткісі келгендіктен, әр түрлі әрекеттерге барады. Тіпті, кейбір балалар ата-анасына қарсы шығып, ашуға бой алдырып, небір қылықтар шығаратынына куә болып жүрміз. Осы кезеңде бала мен ата-ана арасындағы сепарациялық процестің жеңіл өтуіне мекемеміз септігін тигізеді. Қаншама жыл бойы ата-анасына сеніп өскен бала біздің орталықта өзінің киімін өзі үтіктеп, реттеп қою арқылы, сабағын уақыты орындау арқылы өзіне жауапкершілік алуды үйренеді.Қоғамда “мұндай қайырымдылық мекемелер ата ананың бала алдындағы жауапкершілігін азайтады. Отбасылық құндылықтың төмендеуіне әкеледі” деген пікірде бар екен. Өзіңіз не айтар едіңіз?Бұл пікірмен келіспеймін. Себебі,, баласын бізге оқуға берді деген баладан түбегейлі бас тартты деген сөз емес. Әлбетте, ата-аналар бізге сенім білдіре отырып, баласының сапалы білім алуы мен жақсы тәрбиеленуіне себепші бола алады. Жалпы, мекеме ұжымы бала мен ата-ана арасындағы берік байланысты нығайтатыны анық. Біздегі ата-аналар баласының сабақ үлгерімін, киімінің бүтіндігі мен менталды саулығын әрдайым қадағалап отырумен қатар, түрлі іс-шараларға да атсалысады.


Мекемелеріңізде тәрбие де беріле ме?
–  Баланың жүрегі таза тақта сияқты. Не жазсаң ол қалады емес пе? Сондықтан, бз балаларға тәрбие беруде, негізінен ұлттық құндылықтарға баса назар аударамыз. Бала тәрбиесі – өте күрделі де қиын міндет. Еліміздің көркеюі, ұрпағымыздың өнегелі болуы үшін іс-әрекетіміз де ұлттық салт-дәстүрімізден алшақ болмауы керек деп ойлаймын. Осы ретте, біз салт-дәстүрлерді ескере отырып, ұлттық мейрамдарда міндетті түрде іс-шаралар өткізуді дәстүрге айналдырдық. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген халық даналығы бекер емес. Демек, әр ұланның санасына тіл, діл, имандылық, яғни ұлттық және адамгершілік құндылықтарды қоса сіңіріп, ертеңгі күнге үмітпен жетелейміз. Олардың бойындағы өз күшіне деген сенімділікті арттыруға ықпал етеміз. Біз адамгершілікті дәріптеу, басына іс түскен жандарға көмектесу, біреудің ала жібін аттамау, мейірімді болу сияқты қасиеттерді сақтауға шақырамыз. Арақ ішу не шылым шегу біз үшін қылмыспен тең. Балалар жақсыдан үйренеді, жаманнан жиренеді. Бұл орайда ұстаздарымыз да сөзі мен ісі қабысатын азаматтар екені сөзсіз. Өйткені арақ ішпейтін, темекі тартпайтын тәрбиешілеріміздің сөзі балаларға ақыл айтуда сенімді шығады. Ары таза адамның ғана сөзі мығым, рухы бекем. Өтірік айтпау, ғайбат сөз сөйлемеу, біреудің ала жібін аттамау деген сияқты нәрселерді баланың кішкентай күнінен құлағына құя беру қажет. Қазір әке мен шешенің көпшілігі нан табу мен күнкөріс қамымен жүріп бала тәрбиесін уыстан шығарып алып жатады. Қазақ «баланы – бесіктен» деп бекер айтпаған ғой. Негізгі мақсатымыз – қарадомалақтарды тән тазалығымен бірге жан тазалығына үндеу. Әсіресе ата-ананы сыйлау, жанындағы адамдармен сыпайы қарым-қатынас сияқты мәселелерге баса назар аударамыз. Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда ата-анасын сыйламайтын, сөзін тыңдамайтын балалар кездеседі. Ал, қазақы тәрбиеде бала үшін әке мен шеше – қасиетті ұғым. Олардың айтқандары заң. Бізге келгенше ата-анасына «сен» деп келген бала «сізге» көшеді. Бұл да әрине, сыйластық пен тәрбиенің белгісі. Тәрбие бесіктен беріледі. Баланың ақылды, парасатты, әдепті болып өсуі – ата-ананың мерейі. Қазақ сөзбен түзеп, көзбен тәрбиелеген ұлы халық. Болашақ ұрпақтың Отанына деген сүйіспеншілігі алдымен, ата-ананың ықпалымен қалыптасады. Әлбетте, біздің тәрбиемізді, ықыласымызды көрген бала осал болмайтынына сенімдімін. Өйткені жүрегіне түскен имандылықтың, ұлттық тәрбиенің дәні түбі гүл жарып, көктейтіні анық.

Орталарыңыздан шыққан дарынды балалар қаншалықты? Мақтана айтатындар бар ма?
Атам қазақ «не ексең, соны орасың» деп бекер айтпаса керек. Мекемеміздегі балалардың көпшілігі – әлеуметтік мүмкіндігі шектеулі отбасылардан шыққандарымен өте талантты жастар. Сабақ үлгерімі жақсы, жаман әдеттерден бойларын аулақ салады. Мекемеміз құрылған алғашқы жылдардан бастап біз санға емес, сапаға баса назар аударамыз. Осының нәтижесінде біздің тәрбиеленушілер аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі олимпидалар мен шараларда жүлделі орындарға ие болып, марапаттар алып жүр. Сонымен қатар, сапалы білім алғанның арқасында мемлекеттік гранттарды ұтып алып, жоғарғы оқу орнында оқып жатқан көптеген түлегіміз бар.

Қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыздар?

Бүгінде Қазақстан аумағында қызмет етіп жатқан 90-нан астам мекемеміз бар. 1000-нан астам кадрды жұмыспен қамтып отырмыз. Сонымен қатар, тәрбиемен айналысатын мекеме болғандықтан балалардың сабақ үлгерімін арттыру мақсатында математика, химия, физика, гуманитарлық пәндерден қосымша сабақтар беретін мекемелеріміз де жоқ емес.

Қоғамға қаншалықты пайда тигізіп жатырмыз деп ойлайсыздар?
Біздің мекеме қоғамға орасан зор пайда әкеліп жатыр деп айта аламын. Жоғарыда көп балалы, аз қамтылған, тұрмыстық жағдай төмен отбасының балаларына басымдық береміз дедім. Бұның өзі аталған топтар үшін зор мүмкіндік. Бауыр еті баласын біздің тәрбиемізге сеніп тапсыратын аналар қауымы қазақы тәрбиенің арқасында бала бойындағы өршіл рухты қалыптастыруды көздейді. Осындай балаларды тәрбиелеу, күнделікті сабаққа дайындау барысында анасының көлеңкесінде жүруге дағдыланып қалған еркетотайлардың айтқанға көнгісі келмейтін, яғни сабақ оқуға аса құлшынбайтын кездері болады. Олар бір орында тапжылмай отыруға дағдыланбаған, есіл-дерті сыртқа қарай ауа береді. Үйлерінде үй тапсырмасын тұрақты орындап үйренбегендерінің біздің мекемедегі арнайы бөлінген уақытты тиімді пайдалануға аса құлшынбайтыны бар кейде. Бірақ біздің тәрбиеленушілеріміз басқа мектептерде оқитын балалардан өзін-өзі ұстауымен, ойлау қабілетімен ерекшеленеді. Құндылық – тәрбие мен оқытудағы адамгершілікке бағытталған мұраттар. Ал, отбасы — ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі. Меймандостық, кісілік, сыйластық, имандылық, кішіпейілділік, салауаттылық, қайырымдылық, ізгілік, еркіндік, өнерпаздық, шешендік, сыпайылық, мәдениеттілік, шығармашылдық, рухани байлық, махаббат сынды құнды қасиеттерді жас ұрпақ бойына сіңіруде отбасының, отбасындағы ұлттық дәстүрлердің маңыздылығы айқын.
Жаңа оқу жылындағы жоспарларыңыз қандай?
Біздің жоспарымыз балаларымыздың білім сапаны арттыру, олардың болашақта қандай да бір мамандықтың тізгінен ұстауына ықпал ету,. «Мектепті бітірдің, біз міндетімізден құтылдық» деген немқұрайдылық жоқ бізде. Былайша айтқанда, өмірге деген қанатын қатайтып, топшысын бекітіп шығарамыз. Өйткені біз әр балаға аманат ретінде қараймыз. Қайырымдылық мекемесінің табалдырығын аттарда балалардың ата-анасы бізге бауыр еттерін аманат етіп тапсырады. Ұлттық және рухани тәрбие берумен қатар оларды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, ер жеткізу, көзіміздің қарашығындай сақтау – басты міндетіміз. Тәрбиеленушілерімізге әрі әке, әрі шешенің рөлін атқаратындықтан олармен біте қайнасып, арман-мақсатымыз, жететін мұратымыз бір болады. Өскелең ұрпақтың тәрбие жұмысымен айналысатын біздің мекемеде ұлттық, рухани тұрғыда келешекке бағыт-бағдар сілтеуге ұмтыламыз. Жалпы, әрбір баланы бақылауда ұстап, оларға тиісінше көңіл бөлу өте маңызды.

Әрбір отбасында қазақы ділге негізделген ұлттық тәрбиенің жөні бөлек. Тарихтан тағлым ала отырып, болашақ ұрпақ бойына қазақы рух беру, ұлттық құндылықтар арқылы жігерін жану, биік мақсаттармен алысқа ұмтылдыру – әке мен шешенің, сондай-ақ, ұстаздың міндеті. Сондықтан, ұрпағымыздың саналы болуы әрқайсымызға сын.