Skip to main content
белсенділіктер

Кітап – адамға таптырмайтын пайдалы дос

By Желтоқсан 9, 2021Желтоқсан 12th, 2021No Comments

Кітап – адамға таптырмайтын пайдалы дос. Ол жай уақытта ешкімнің мазасын алмайтын, қажет кезде үнемі қасыңнан табылатын, кез келген сәтте кеңес беруге әзір, ақылына ақы сұрамайтын, жан сарайымызды серпілтіп, көңілге түрлі шабыт сыйлайтын, үнсіз тұрғанмен оқысаң өзінің сырлы әлеміне ертіп ала жөнелетін, дұрыс жолды көрсететін жанашыр әрі адамды жалықтырмайтын серік деуге болады.

Кітап оқу – білімділікке баулиды. Ал білімсіздік – адамның опа бермес дұшпаны. Көп қателік білімсіздіктен туатыны даусыз. Білімді адамға өмірде қашанда жол ашық болады. Ел де білімді адамды құрметтейді. Өйткені білімді адам әрқашан елге пайдасын тигізеді. Оны маңайына жарық түсірген шамға ұқсатуға болады. Айталық, ұлық имам Әбу Ханифа Құран мен сүннеттен бес жүз мың мәселенің үкімін айқындап, төрт мыңнан аса пәтуа берген деген деректер бар[16]. Әрине, бұл көп оқудан, көп ізденістен туған пайдалы еңбек. Ал білімсіздің өзгелерді кері сүйрегеннен басқа берері болмайды. Өйткені, өзі ұйқыдағы жанның басқаларды оятуы мүмкін емес.

«Кітап – рухани сарқылмас қазына». Мұсылман үшін кітап оқу иманын жаңалап отыру үшін де керек. Өйткені бір хадистерінде Пайғамбарымыз: «Киімдерің ескіргенде оны жаңалағандарың секілді, көкіректегі иманды да тот басады. Оны да жаңалап отыру керек», – деп, осы шындықты меңзеген. Яғни мұсылман адам үнемі өзін рухани тұрғыдан жетілдіріп, жаңалап отыруға мәжбүр. Кері жағдайда иманы әлсіреп, босаңсып, ғапылдыққа ұрынады. Сол себепті күн сайын адамды рухани өсіріп, иманын арттырып, адамдық пен адалдыққа жөн сілтеп отыратын кітаптарды тұрақты түрде оқып отырудың берері мол. Бұл тұста «Оқымасаң, тоқырайсың» деген аталы сөзді есте ұстаған артық емес.