ЕЛ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ӘР ЖЫЛҒЫ ЖОЛДАУЫ – ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕТІН ТАРИХИ ҚҰЖАТ

Өткеннің өнегесі – бүгінгінің баға жетпес байлығы! Біз – тарих пен тағдырдың ауыр соққысы мен ғасырларға созылған ұзақ уақыттағы қиыншылықтардың барлығын басымыздан өткеріп, көріп келген елміз. Тарих беттерін парақтап қарайтын болсаңыз, қатыгез толқындар біржолата жойып жіберетіндей азапты жылдарда тарыдай шашырап кетсе де, қазақ халқы қабырғасы қайыспай, аман қалып отырдық. Осындай қиын да күрделі сын замандардағы тарихи оқиғалардың куәгері болған біздің бабаларымыз біз үшін нағыз патриоттықтың, батырлықтың, ауызбіршіліктің үлгісін көрсетті. «Өткенімізді ұмытсақ, болашақ бізді кешірмейді» демекші бүгінгі таңда төл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында тарихи жадымызды жаңғырту мақсатында түрлі іс-шараларды өткізу жоспарланып жатыр. Құлашын  кере созып жатқан,  ұлан-ғайыр атырабы мен саналы, өшпес салт-дәстүрі бар, инабатты, ержүрек  ұл-қыздары  мен  аузы дуалы абыз ақсақалдары бар,  кенге  бай,  келімі мол, тарихы ежелден бастау алатын, тілі-саф,  діні-берік көптеген ұлттар мен ұлыстарды қанатының астына ала білген кемеңгер көшбасшысы бар мемлекетпіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты тақырыптағы халыққа үндеуі елімізді ғана емес, әлемді дүр сілкіндірген дүрбелең уақыттағы кемел келешекті көздеген елімізді ертеңге жетелейтін құптарлық бастама деп есептейміз. Әлемде болып жатқан дағдарысқа қарсы жедел шаралардың жүзеге асырылып, еліміздің әл-ауқатын арттыру жолында, сапалы білім беру арқылы саналы ұрпақ қалыптастыру, дені сау, өмір қауіпсіздігі қамтамасыз етілген, рухани және  материалдық жағдайы жақсарған ұлтжанды азаматтарды жетілдіруге бағытталған батыл бастамалар бастаңғысы екені даусыз.

 

Ұрпақ – ұлылардың ұғымын дұрыс түсініп, ел болашағы үшін көп оқып, көкейге тоқи білетін жаста болса, өн бойына, ақыл-ойына саналылықты қалыптастырып үлгерген жан. Ұрпақтар  ұлтының кемелді келешегі үшін өз білімін толықтай  жетілдіріп, әрбір Отандастарын туған бауырындай санап, қолынан келгенше көмектесіп, елдің өткенін оқып-біліп, көкейіне тоқып, сауатын әрдайым  тарихтан сусындатып өнегелі өмірге аяғын алшаң баса білуі керек. Елдің ертеңіне үмітпен қарап, өткеніне көз жүгіртіп бүкіл тарихты білуге ұмтылып өсіп келе жатқан рухани толысқан ұрпақ тәрбиелеу ісінде біздің «Жібек жолы» Қайырымдылық мекемелер қауымдастығына қарасты мекемелеріміз бен ондағы сапалы кадрлар алған білімдерін мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру жолында қолдануда.

Ауқымды 11 тақырыпты қамтыған жаңа Жолдау – еліміздің  айқындаған бағыт-бағдарының нақтылығын анық көрсетеді. Біз өз елімізге адал қызмет ету арқылы шыңдарды бағындыруымыз қажет. Ол шыңның өресі  бүгінде ақ білектің күшімен емес, білім мен іскерліктің, ақыл мен парасаттың салмағымен өлшенбек. Сол біз ұмтылған  биік арқылы біздің еліміздің жеке дара мемлекет екенін дәлелдей аламыз.

Мемлекет басшысы балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау, қоғамдағы еңбек құндылықтарына деген көзқарасты өзгертіп, жас буынға еңбекті бағалауды, оны абыройлы және абыройлы емес деп бөлмеуді үйретуді тапсырды. Қазіргі жағдайдағы оқушылардың қолжетімді білім алулары үшін қолдан келетін барлық мүмкіндіктерді қарастыра отырып, интернет-ресурсы жоқ елді-мекендердегі, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларда өсіп жатқан оқушылар мен студенттердің сабақтарға сапалы онлайн режимде қатыса алуы үшін мекемелеріміз бар мүмкіндікті жасауда.

Сонымен қатар, оқушылар  мен студенттердің спорттық және шығармашылық әлеуетін арттырып, олардың ғылыми жұмыспен айналысуға баулу жұмыстары, оларға «экологиялық мәдениет» түсінігін ұғындырып, қоршаған ортаны қорғауға, цифрлық сауаттылыққа байланысты компьютерлік сыныптар әзірленіп жаңа технологияны меңгерген сауатты  маман қалыптастыру тұрғысында да нәтижелі жұмыстар атқарылып келеді. Оған қоса алдағы уақытта атқарылатын іс-шаралардың жоспары жасалып, жүктелген міндеттің үдесінен шығуда үздіктердің қатарынан көріну үшін қызмет атқаруға тапсырмалар берілді.

    Кемелді келешектің қандай болары бізге беймәлім. Болашақтан зор үміт күте білу – Алладан  үміті  бар,  жаны  жомарт,  көкірегінінде  үміт  сәулесі  оянған   әрбір  жанның  адамгершілік парызы. Сондықтан, Жаратушымыздан іргеміз сөгілмеген ынтымақты ел болып мәңгі қалуымызды тілеймін!

 

Омаров Ахметжан Олжабайұлы

«Жібек жолы»

 Қайырымдылық мекемелер

қауымдастығының Төрағасы