ТӘУЕЛСІЗДІК- ЕҢСЕЛІ ЕЛ СИМВОЛЫ

Тәуелсіздік – ел тілегі, ата-бабаларымыздың шұғылалы арманы, сарғая күткен сағынышы. Тәуелсіздік – халқымыздың бостандығы мен дербес даму жолындағы сан ғасырлық күресінің нәтижесі. Бүгінде осы тілегі мен күресінің негізінде көк туымыздың көкте желбіреп, тәуелсіздігіміздің салтанат құрғанына да 29 жыл. Осы уақыт ішінде еліміз қарыштап дамып, елеулі табыстарға қол жеткізді. Береке-бірліктің арқасында әлем таныған іргелі мемлекетке айналдық. Бұл орайда әрине, ата-бабаларымыз аңсап өткен еркіндіктің символын құру үшін аянбай еңбек еткен Елбасымыздың ерен еңбегі зор құрметке ие.

Ғасырлар бойы азаттық аңсаған бабалардың жолы азапты, тағдыры аңыз болғаны анық. Талай зорлық, зобалаңды, алапат қырғынды бастан кешірсе де  ұлт ретінде сақталып, бірлігі берік ел күйінде қала білді. Олай болатыны, мың өліп, мың тірілген өр рухты халқымыз елге қамқор батырлар мен елге игі даналарға кенде болмағаны белгілі. Ең бастысы халқымыздың еркіндік аңсаған тәуелсіздік рухы мықты болды. Осындай рухы мықты бүгінгі азат елдің ұрпағы Отан алдында, осы күнге жеткізген аға ұрпақ алдында қарыздар. Олардың күресі мен тауқыметі, жігері мен қажыры арқылы жеткен жеңісті ойдағыдай бағалай білсе ғана, бүгінгі ұрпақ ертеңгі ұрпақтың алдындағы парызын өтей алады. Ешкім де батыр  болып тумайды. Бастауында бұлағы бар өзеннің ұзақ ағатыны секілді өнегелі ата-ананың тәлімінен  сусындап, адалдық, еңбексүйгіштік, бауырмалдық рухта ер жетсе, елімізді, халқымызды қорғауға әзір деп есептеймін.  Батырлықтың негізі  - бауырмалдықтан, Отанды сүюден тұрады. Ал, Отанды сүю – үй-ішіңнен, отбасыңнан басталады.   Халқын қадірлеген сын сағаттан сүрінбей өтеді. Бабалар сыйлаған бақытты жоғалтпай, елдік пен ерендік үшін күресу - егеменді елдің ертеңі жас ұрпақтың  міндеті болмақ. Сондай- ақ, жер бетіне қаншама ұрпақ келіп, қаншама ұрпақ кетсін, біздің тарихымыз өлмек емес. Бізді осы күнге жеткізген жандардың еңбегі мен ерлігі ешқашан ескерусіз қалмайды. Бұған біз кәміл сенеміз.

Ендеше, Жаратқанның берген тәтті сыйы - Тәуелсіздігіміз  баянды, еліміз еңселі, болашағымыз жарқын болсын!

 

Құрметпен, Омаров Ахметжан Олжабайұлы

«Жібек жолы»

 Қайырымдылық мекемелер

қауымдастығының Төрағасы