Жібек Жолы

қайырымдылық мекемелер қауымдастығының ресми сайты

Біздің тарихымыз

ҚАУЫМДАСТЫҚ ҚЫЗМЕТІНІҢ ТАРИХЫ

Қауымдастық қызметінің қысқаша тарихы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастау алады. Енді ғана егемен болып, елдігімізді жариялап жатқан сол кезеңде қалың қазақ халқының рухани жан дүниесі қатты шөліркеген кез еді. Әлем елдеріне есік айқара ашылғаннан кейін әртүрлі ниеттегі шетелдік ұйымдар мен саяси күштер елімізге жаппай кіре бастады. Жетпіс жыл атеистік саясат пен екі ғасырға жуық орыс отаршылдығында болған қазақ халқы үшін қай сенімнің дұрыс, қай сенімнің бұрыс екенін айыра алатындай сауаттылық болған жоқ. Елімізге келіп әртүрлі көзқарас пен наным-сенімді насихаттаушылардың ішінде шын жаны ашып, рухани шөлдеген болмысызды суғарғысы келгендер мен қой терісін жамылып, саяси ықпалын күшейту мақсатында өз сенімдеріне сай дәстүрге жат басқа жолдармен жүргізгісі келгендер де болды. Атам заманнан қазақ халқы ұстанып келе жатқан дәстүрлі ислам дінінің нағыз жауһарын үйретіп, халықты рухани антивируспен қамтамасыз ететін мамандар өте тапшы еді. Діни біліктілігін арттырып, білімін жетілдіру үшін өз еліміздің ұландары енді ғана ислам мемлекеттеріне білім алуға кеткен болатын. Жеткілікті кадрлар бітіріп келгенше, жат ойлы миссионерлердің біраз халықты шырмауына түсіретіні анық еді. Осындай сын сағатта, Ақмола қаласының әкімі лауазымында қызмет атқарған Амангелді Бөлекпаев ағамыз 1992 жылы шілде айының 24-і күні, №473-3-2/9 шығыс хатымен, Ақмолалық бір топ ақсақалдарымыздың, ұрпақ тағдырына алаңдаушылық білдіріп жасаған өтініштерін жерде қалдырмай әрекет жасап, сол кезеңдегі біздің тәуелсіздігімізді ең алғашқы болып мойындаған бауырлас Түркия мемлекетінің жергілікті үкіметі мен діни мекеме өкілдеріне оқытушы мамандар мен оқулық кітаптар жағынан көмек сұрап ресми хат жазады (№1 сурет). Сонымен бірге, ел ағалары ретінде Ақмола мешіті кеңес алқасының төрағасы Қамидолла Исқақұлымен, құрамында Рыскелді, Тәңірберген ақсақалдарымыз бар, Ақмола мешіті атынан да хат дайындап (№2 сурет) қоса жолдайды. Сұраныс қанағаттандырылып Түркия өкіметінің өкілдері арнайы оқулық кітаптармен көмек көрсетіп, Стамбул қаласының тұрғыны, қандасымыз Абдулла Кезер атты қазақ азаматын ұстаз маман ретінде Қазақстанға арнайы жібереді. Осылай 1992 жылы қыркүйек айының 1-нен бастап, Ақмола қаласы әкімінің қолдауымен және Ақмола мешіті кеңес алқасы төрағасы Қамидолла Исқақұлы бастаған ақсақалдардың атсалысуымен, қазақ балаларынан құралған алғашқы шәкірттерге өз ана тілімізде имандылық негізде тәлім-тәрбие беру қызметтері басталған. Атқарылып жатқан істер көпшіліктің көңілінен шыққанын көріп, көзі жеткесін руханиятқа шөліркеп қалған халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында, 1993 жылы қаңтар айының 5-і күні, сол кезеңде Ақмола облысы әкімінің орынбасары лауазымында қызмет атқарған Светлана Жалмағамбетова апамыз, 1992 жылы 1-қыркүйекте ашылған ислам мектебіндегі оқушылар санының көбейгенін және сұраныстың артуына байланысты Абдулла Кезер ұстаздың үлгере алмай жатқанын баяндап, Түркиядағы Құран курсы мекеме өкілі, кезіндегі Түркия парламентінің депутаты Али Ақ мырзаға тағы да қосымша оқытушы мамандар сұрап, хат жібереді (№3 сурет). Өтініш қабылданып, жәрдем ретінде тағы да бірқатар қосымша мамандар жіберіледі. Осылайша жергілікті басшылықтың, елге еңбегі сіңген, халқына шын жанашыр болып қызмет жасаған азаматтарымыздың қолдауымен, ресми түрде шақырылған оқытушы мамандар мекемелеріміздің қызметінің алғашқы баспалдағының дұрыс қаланып қалыптасуына, бүгінгі деңгейдегі даму үрдісіне жетуімізге себепкер болған еді. Оларға айтар алғысымыз мол және еңбектеріне береке берсін деп тілейміз. Бауырлас елден жәрдемге келген ағайындарымыз әлеуметтік маңызы зор қайырымдылық істердің барлық қыр-сырын тігісін жатқызып егжей-тегжейлі үйретіп, тиісті міндеттерін атқарып болғасын, аманат арқалап өз елдеріне қайтты. Осындай бастаманың нәтижесінде алған білімдерін жетілдіріп, шеберліктерін шыңдаған бірқатар өз түлектеріміз бен өзіміздің елдің жанашыр азаматтары, қазіргі уақытта еліміздің түкпір-түкпірінде қайырымдылық мекемелерінің құрылтайшылары және басқарушылары болып отыр. Бүгінгі таңда «Жібек Жолы» қайырымдылық мекемелер қауымдастығына кіретін еліміздің барлық өңірлерінде таралған қайырымдылық мекемелеріміздің саны сексеннен асты. Мекемелеріміз коммерциялық емес санатта құрылғандықтан, қандай да бір материалдық құндылықтарды көбейтуді мақсат етіп қоймаған. Қаржыландыру көзі отандық демеушілеріміздің қаржылай және мүліктік жәрдемі болып табылады. Қайырымдылық мекемелеріміз бүгінгі күні мектеп жасындағы балаларға, орта деңгейлі оқу орындары мен жоғары оқу орындарының студенттеріне дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, ата-бабаларымыздың жолы, салт-дәстүрлеріне сай тәрбие беру жұмысымен айналысады. Осы мақсатта, негізінен Астана, Алматы сияқты үлкен қалалардағы, облыс орталықтарындағы алдыңғы қатарлы мектептерде, лицейлер мен гимназияларда, орта және жоғары оқу орындарында алыс, шалғай ауыл балаларының келіп білім алуына мүмкіндік туғызып отырмыз. Сол үшін халық тығыз орналасқан үлкен қалаларда оларға тұрақты жататын орын және күнделікті ас-ауқатын беріп отыратын осындай қайырымдылық мекемелер қызметтері ұйымдастырылған. Мекемелерімізде әлеуметтік жағынан әртекті топтарға жататын отбасылардан қабылданған 2000-нан астам мектеп жасындағы балалар мен жоғары оқу орындарындағы студент жастардың сапалы білім, саналы тәрбие алуларына мүмкіндік жасалып отыр. Осы істің басы қасында мекемелеріміздің алғашқы тәрбиеленушілері болып қабылданып, осы жүйеде оқып-жетіліп, тәлім тәрбие алған 500-ден астам ер азаматтарымыз бен қыздарымыз қызмет жасап келеді

Осындай көпшілік бұқараның қажеттілігін ескеріп, қызмет жасап жатқан қайырымдылық мекемелердің қалыптасып, аяғынан тұрып кетуіне қаржылай да, қол жәрдемімен де көмек беріп, жанашыр болып жүрген ел азаматтары көптеп кездеседі. Сонымен қатар, күнделікті қажеттіліктерімізді өтеуде қарапайым тұрғындардың, жеке кәсіпкерлердің, сауда нүктелеріндегі, базарлардағы бөлшек саудамен айналысып жүрген көпшіліктің көрсетіп жүрген көмектері орасан зор. Оларға да айтар алғысымыз шексіз, бейнеттерінің зейнеттерін көруге жазсын деп тілейміз. Жақсыны көрмекке дегендей, біздің мекемелеріміздің тәрбиеленушілірімен кездесуге келіп, құрметті қонақтары болып кеткен мемлекет қайраткерлерімен, лауазымды тұлғадағы ел азаматтарының бірқатарын , соның ішінде ,Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Абай қайырымдылық мекемесінде қонақта болып, тәрбиеленуші шәкіртерімізбен бірге естелік суретке түскенін атап өту біз үшін үлкен абырой. Сол сияқты Иманғали Тасмағамбетов, Даниял Ахметов, Мұхтар Құл-Мұхамед, Ералы Тоғжанов, Қайрат Лама Шариф, Мұхтар Алтынбаев, Нұрлан Ысқақов, Асхат Күзеков, Ислам Әбішев, Нұрлан Әбдіров, Ерлан Барлыбаев, Қозы-Көрпеш Жаңбыршин, Берік Дюсембинов, Бердібек Сапарбаев тәрізді алдыңғы толқын ағаларымызбен Светлана Жалмағамбетова, Гүлшара Әбдіхалықова, Оразкүл Асанғазы Гүлжан Қарағұсова, Зағипа Балиева, Бірғаным Әйтімова сияқты бірқатар әпкелеріміз арнайы ат басын бұрып келіп, тәрбиеленуші шәкіртерімізге арнап жасақталған санитарлық талаптарға сай кең, жарық әрі жайлы жатақханаларды аралап, жақын танысып кеткенін олардың ел болашағына деген шынайы жанашырлығының куәсі деуге болады. Тәрбиеленушілеріміз үш мезгіл тегін тамақпен қамтамасыз етіліп, апталық ас мәзірінің жас ерекшеліктеріне қарай денсаулықты нығайтуға қажетті дәрумендермен және минералдармен қамтылған теңгерімді тағамдарды құрайтындығын, гигиеналық талаптарға сай қажетті құрал-саймандармен және жеке оқшаулау (изолятор) бөлігімен жабдықталған медициналық кабинеттің, жуынатын бөлмелер, себезгілік кабиналар, айнадай таза дәретханалар үшін арнайы жеке бөлмелер бөлінгенін өз көздерімен көріп, ризашылықтарын білдіріп кетті. Барлық мекемелердегі дәліздер мемлекеттік рәміздермен рәсімделгеніне және оларға деген сый-құрметтің тәрбие жұмысындағы басты қағида болып саналатынына, оқу процесіне ыңғайлы сыныптарда қажетті әдебиеттермен, карта, глобус және т.б. оқу құралдарымен, қажетті мөлшерде кітап қорымен жабдықталғандығына куә болды. Тәлім тәрбие аясында ел өміріне елеулі үлес қосып жүрген өнер және спорт майталмандарымен кездесу ұйымдастыруда, мүмкіндік тауып тәрбиеленуші шәкірттерімізбен ашық-жарқын сұхбаттасу өткізу шараларына келіп қатысқан, Қанат Ислам, Мейрамбек Беспаев, Сәкен Майғазиев, Кенжебек Жанәбілов, Жанатбек Байтеков, Нұрлан Қоянбаев, Жанар Айжанова, Ақбота Керімбекова, Айгүл Иманбаева, Мадияр Серікбаев сияқты көптеген өнерпаздар да біздің құрметті қонақтарымыз санатында. Күнделікті оқу-тәрбие жұмыстары барысына келсек, мекемедегі сыныптар замануи талаптарға сай электрондық құралдармен қамтамасыз етілген. Шәкірттеріміздің оқу үлгерімдерінің жетістіктерін тоқсан сайын тест тапсыру арқылы жіті қадағалап отырамыз. Тоқсан қорытындысы бойынша жеткен жетістіктеріміз бен кеткен кемшіліктерімізді саралап, алдағы мерзімге қажетті іс-шараларды жоспарлаймыз. Мүмкіндігінше, үштілділік саясатты жүзеге асыру үшін ағылшын, орыс тілдерін терең меңгеруге, болашақта ғылыммен шұғылдануға ынталандыру мақсатында математика, физика сияқты күрделі пәндерден қосымша репетиторларлармен жұмыс жасауға жағдай туғызып келеміз. Шәкірттерімізді мектепке дейін жеткізіп салатын және қайта алып келетін арнайы транспорттармен, жалға алынған автобустармен қамтамасыз етеміз. Мекемелердің штаттық кестесінде тәрбие жұмысына жауапты арнайы педагогикалық білімді ұстаз лауазымдары және тәрбиеленушілердің денсаулығын қадағалап алғашқы медициналық көмек көрсетуге және санитарлық нормалардың талаптарының орындалуын қадағалауға тиісті орта дәрежелі медицина қызметкері лауазымдары қарастырылған. Тәрбие жұмыстарын жүргізуде мемлекеттік және кәсіби мерекелерде, басқа да арнаулы даталарға байланысты өткізілетін мәдени-спорттық іс-шаралар жоспарлары бекітіліп, соған сәйкес үнемі бақылауда ұсталынады. Соның нәтижесі ретінде мектеп шәкірттері де, студент жастар да өз орталарында білім жағынан да, қоғамдық белсенділігі жағынан да көзге түсіп, дүбірлі додаларда жүлделі орындарға ие болып жүргенін айтуымызға болады.

Бүгінгі таңда Республика аумағында 80-нен аса қайырымдылық мекемелер ресми тіркеліп өз қызметтерін жемісті жалғастырып жатыр. Қайырымдылық мекемелердің көптігіне және бір орталықтан басқаруды оңтайластыру мақсатында еліміздегі барлық мекемелер алты аймаққа бөліп басқарылады. Мекеме және тәрбиеленуші санының көптігіне байланысты Алматы қаласы жеке бір аймақ, Алматы облысы және Жамбыл облысының Қордау ауданы бір аймақ болып бөлінген. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысы мен Павлодар облысы Шығыс аймағы деп, Астана қаласы, Ақмола облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Қостанай облысы және Қарағанды облысы Астана аймағы деп, Шымкент қаласы, Түркістан облысы, Жамбыл облысы және Қызылорда облысы Оңтүстік аймағы деп, Атырау облысы, Ақтөбе облысы, Батыс Қазақстан облысы және Маңғыстау облыстары Батыс аймағы деп аталды. Аталған аймақтарды қауымдастықтың аймақтарды өкілдік етуші Төраға орынбасарлары басқарады.

Share This