Skip to main content
Бала тәрбиесіжаңалықтар

Баланы тәрбиелеудегі ата-ананың рөлі

By Мамыр 5, 2023Мамыр 10th, 2023No Comments

Баланың шыр етіп өмірге келуі-зор қуаныш. Өйткені, бала өмірдің сәні, отбасының шаттығы, Аллаһтың берген сыйы. Дана қазақ тоғыз ай құрсақта жатқан сәбиді шілдеханамен қарсы алып, тербелген тал бесікке салған. Бесік жырымен әлдилеген, алақанға салып аялаған. Тәрбиесіне жауаптылықпен қарап, бойына жақсы қасиеттер сіңіруге тырысқан.

Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты — балада» деген екен. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздестіреді. Мұның бәрі түсінген адамға қолдың кірі сияқты нәрсе. Адамға нағыз бақытты — тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Олай болса адам өмірінің мәні — өз ұрпағы.

Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз — ата-ана. Ата-ана — бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Бала үшін үй ішінен, ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер — жанұяда тәрбие балаға сөзбен, теориямен дамымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды. Өз баласымен ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін ата — аналар «Екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жоқ» дегенді айтады. Бұл дұрыс емес. Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Әке мен шеше ұл-қыздармен үй шаруасында жүріп-ақ әңгімелесіп, ой бөлісуге неге болмасқа. Жанұядағы жанжал, үлкендердің аузына келген сөздерді айтуы, баланың көзінше басқа біреуді сөгуі, біреудің сыртынан өсек айтуы балаға теріс әсер етеді. Бала алдында әке-шеше үй ішінің үлкендердің әдептілік танытқаны жөн. Мысалы, арақ пен темекінің толып жатқан зиянын біле тұра, балалардың көзінше арақ ішіп, үсті-үстіне темекі тартқандар бар. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дейді, ертең-ақ ұл өсіп ер жетеді, қыз өсіп бой жетеді.

 «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді халық даналығы. Бала кішкентай кезінен-ақ әр нәрсеге әуестеніп үлкендерге көмектескісі келеді. Бұған кейбір әке-шеше «жұмысымды бөгейсің, істеп жатқан ісімді бүлдіресің» деп ұрысып жіберуі мүмкін. Бұл қате түсінік. Керісінше, өзің жұмыс істеп жүргенде баланың қолынан келетін ісіне жағдай туғызып, оның үйренуіне көмектескен орынды. Тіпті балаға берген тапсырмаңыздың аяғына дейін орындаулына төзімділікпен бақылау керектігін де ұмытпаған жөн. Осылай баланың бірте-бірте еңбекке деген болашағына жол ашылады. Әрі істеген ісін ұқыпты да тындырымды орындауына бағыт бересіз. Баланың жақсы ісін мадақтап, терісін оң етіп түсіндіріп отырса, ол да ересектерді сыйлап, кез келген тапсырмасын орындауға қарсылық білдірмейді.

Отбасында басты мәселелердің бірі – баланың тіршілік іс – әрекетін дұрыс ұйымдастыру. Ол үшін баланың күн тәртібі, жеке басына қойылған талаптар, міндеттер, үй еңбегіне араласуы, білімі, қызығушылықтары, бос уақытын дұрыс ұйымдастыруына көмектесіп ықпалын тигізу. Баланың бойына барлық жақсы қасиеттерді дарыту, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау — ата-ананың басты парызы.

Абай атамыздың жетінші қара сөзінде «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біріншісі — ішсем, жесем, ұйықтасам деп туады. Бұлар тәннің құмары, бұлар болмаса тән жанға қонақ үй бола алмайды, hәм өзі өспейді, қуат таппайды. Екіншісі — білсем екен деп ұмтылып,одан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?» «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» «бұл неге бүйтеді ?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі «жан құмары, білсем екен,көрсем екен,үйренсем екен.»деген үлкен пәлсопалық ой жатыр. Яғни, балаға туғаннан тән азығы — тамақ қандай қажет болса,жан азығы — жылулық, сүйіспеншілік те сондай қажет.

Дәстүрлі қоғамда ата-апаның тәрбиесін көрмей өскен бала болмаған. Ата-апалар жыр, дастан, ертегі айтып немере-шөберелерін рухани байытып тәрбиелеп отырған. Қазақтың ежелгі дәстүрі бойынша тұңғыш немересін атасы мен апасы өз қолына алып, немере ыстық болғандықтан балаларынан да артық көріп, тәрбиелеген.

Баланың аты-бала. Ол білместікке ұрынбай тұрмайды. Тіпті, бірінші қадамдарына бөбектің ісі бүлдіруден келеді. Бүгін аңдаусыздан аяқ-табақтың бірін сындырып алса, ертең шалбарын шегеге ілдіріп үйге қайтуы да ықтимал. Мұндайда халқымыз «Ата-балаға саншы» немесе «Баланың балалығына әкенің даналығы бар» дейді. Баланың балғын ойы мен сенімі алдында ең беделді тұлға – әке, әлеуетті, ақылды, білімдар  әке. Жаны сұлу жайсаң азамат өсіруде  әке орны бөлек.

Әке – әулет басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы. Отбасындағы ұл тәрбиесінде әке мен апалардың орны ерекше. 
Әке үйі барлық балалары үшін үлкен үй, қара шаңырақ деген киелі ұғымдармен сыйлы да құрметті.

Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнер білімі ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Әке қашанда баланы сөзбен емес, өзінің ісімен тәрбиелейді. Ер бала ең алдымен әкенің өнегесінен нағыз ер адам қандай болу керектігін қабылдайды. Сондықтанда әке ұлын батылдыққа, батырлыққа, ер жүректікке, адалдыққа, қайраттылыққа, ұлтжандылыққа, әйел баласына серілік қарым-қатынас танытуға, отағасы қандай болу керек екендігін өз тәжірибесі арқылы үйретіп, үй еңбегінің аса қиын соғатын істерді өз мойнына алуға талпынуға тәрбиелеуі керек. 

«Ер адамның алдында ашылатын есігі болсын.  Әйел адамның алдында тербелетін бесігі болсын», «Адам ақылымен сымбатты, ұрпағымен қымбатты». Ата – ананың адамдық парызын осы мақалалар да өте әдемі бейнеленген. «Ұлы бар үйде қуат бар, қызы бар үйде шуақ бар». Көңілге нұр құятын, өміріңе сән сыйлайтын, өршілдікке үндейтін өлмес даналық емеспе бұл?! Шығыста: «Үш іс тындырған адам: яғни бала өсірген кісі,ағаш – талдар өсірген кісі және кітап жазған кісі өлмейді» деген даналық бар.

Ана өмірдің қайнар бастауы. Ана – ақылды тәлімгер. Ана – бала бақытының бағбаны. Ана өз басын, өз денсаулығын ұмытып, өзгелердің қамын жеуді бәрімізге үйретуші. Аналық парызын адал ақтаудың біздің үлкен әжелеріміз, туған аналарымыз әсем үлгісін танытып өткен. Қазірде де пейілді аналар қаншама.

Әйелдің басты парызы ана атанып, адамзат ұрпағын көбейтуге үлес қосу, әр адам ұл – қыз сүйіп, әрқайсысына отау тіктіріп, енші бөліп берсін, немерелер мен шөберелердің қызығын көрсін – яғни солардың бәрін саналы азамат, өнерлі еңбеккер етіп тәрбиелесін – халықтың қалауы осы. «Бала – артта қалған із, бақыт – ұзатылған қыз» дейді халық. Ал ананың міндеті ұлының алдында барлық әйелге тән жақсы қасиеттерді көрсете отырып, өзінің шынайы және шексіз махаббатымен ұлынан да әйел баласы алдында сондай жауапты қасиеттерді көрсетуге шақырады және оның эмоционалды дамуына себепші болады. Ер баланың анасына деген қарым-қатынасы белгілі дәрежеде қыз балалармен жағымды қарым-қатынасты қалыптастыру мәнін игеруге мүмкіндік тудырады, адамдарға қамқорлық жасауға үйретеді, өзінің маңайындағыларға қажетті көмек жасауға ықпал етеді. Отбасында жеткіншек ер баланы тәрбиелеу – бұл қарапайым емес маңызды және жауапкершілікті талап ететін үлкен іс. Өйткені осы жастағы ер баланың бойынан шығармашылыққа, өзінің өмірден орнын іздеу сияқты талпыныстарын байқауға болады. Осы тұста ата-ана олардың жан дүниесін түсініп, дер кезінде бағыт-бағдар көрсетсе, бұл ата-ананың бала тәрбиесіндегі тапқырлығы болып саналады.   

Бақыт бірде бар, бірде жоқ, баянсыз болса – бала – баяндылық, өмір гүлі, тірлік тірегі! Ұрпағын тарыдай шашып, тастанды етіп жүрген жеңіл ойлы желбастар өздерінің адамдық парызын ойлаудан аулақтаған берекесіздер… Балаға, ұрпаққа қазақ халқы қашанда үлкен  мән берген. Біздің халқымыз балажанды халықтардың бірі. Сондықтан да, туған халқымыз турасын айтады: «Балалы үйдің еңсесі биік». Өйткені бала – бақыт, бала – қуаныш, бала – шаттық, бала – мақтаныш, бала – сүйеу – тірек, бала – болашақ. «Баласыз үй – қу мазар» деп кесіп айтуда да шындық қаншама?! Бала тудырдың екен – баға да біл. Халық алдымен ата – анадан осыны талап етеді.

«Ертең де күн баргой, бәріне үлгереміз» деп салдыр – салақ күн кешетіндердің өкініші удан да ащы боларын сезінеміз. Ата – ана жауапкершіліктің адамы болуға тиіс дейтініміз содан. Өйткені «Әкесіне қарап, ұлын сына» дейді қазақ халқы. Өзіне тартқан өнегелі ұл өсіре алмаған әке ұятты, ал абыройлы әкеге тартып өсе алмаған жасық болбыр ұл да ұятты.

«Ана – балаға жастық, әке – көрпе». Бұл – ұрпақтың тәрбиесіндегі бар ауыртпалық ата – ананың ғұмыр бойы мойнында деген сөз. «Білімсіз бүлдіреді, ата – анасын күйдіреді». Бұл да бір мәнді мақала.

«Әр үйдің қашан  барса төрі дайын, сыйлаған ата – анасын адал ұлға» деп босқа айтылмаған. Әкесін – шешесін аялауды азап деп қаңа қарайтындар бар. Бұл – білместік. Әрі көргенсіздік. Ата – анасын ардақтағандарды алыс – жақын ағайындар да, жолдас – жоралар да сыйлайтынын әрбір жас біліп өссін. Әкенің үмітін, ананың ақ сүтін ақтау – перзенттік парыз екенін ұмытқандар ұятқа қалады.

Мектеп партасында отырған баланың жан – жақты тәрбие алуына ең бірінші ықпал ететін ұстаз болса, оның сүйеушісі – ата-ана. Сондықтан ата-ана өз баласының білім алуына барынша жағдай жасауы тиіс, оқу үлгеріміне күнделікті назар аударып, қадағалап отыру керек. Өкінішке орай, кейбір ата-аналар бұған жеткілікті мән бермейді. Тіпті, кейде баласының қай сыныпта оқитынын, сабақтарының жетекшісін де білмей жататын үлкендер бар. Бала тәрбиесі – өте күрделі үрдіс және ешқандай үзіліс, демалыс дегенді білмейді. Баланың жақсысы әке мен шешенің ары, ата-ананың абыройы, жаманы – қайғысы, бақытсыздығы, азабы», – дейді халқымыз. Бала мектепте 6,7 сағат болса,18 сағат үйде болады, сол себепті ата-ана баласының оқуын, жүріс-тұрысын, жолдастарын сонымен қатар киетін киімін де қадағалап, аптаның соңғы күндері сынып жетекшісімен, пән мұғалімдерімен байланыс жасап сабақ үлгерімі, тәртібі жайлы мәлімет алып отыруы қажет.

Бүгінгі оқушы мемлекетіміздің ертеңгі үлкен азаматы, кәсіп иесі. Сондықтан да бала тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарап, жас ұрпақты назардан тыс қалдырмаған жөн. Бүгінгі таңда ата-анасы қасында болса да қадір-қасиетіне жете алмай, ұлдарымыз маскүнемдік пен нашақорлыққа бой алдырып, қыздарымыз шылым шегіп,жеңіл жүрістерге түсуі отбасындағы тәрбиенің дұрыс жолға қойылмауының айғағы. Шариғатта да алтын ұя – отбасы жоғары бағаланып, оны бала тәрбиелеп өсіруіне бірінші дәрежелі мән берілген. Өйткені: «Балалар – ата-аналар қолына берілген аяулы аманат.»