Жібек Жолы

қайырымдылық мекемелер қауымдастығының ресми сайты

Балаға уақытты дұрыс пайдалануды үйретудің тиімді жолдары

Blog Single

Уақытты тиімді пайдалану дағдысын қалыптастыру жауапкершілік пен шыдамдылық қажет ететін іс. Сондықтан да, оқу-білімге сабырлы, шешім қабылдау қабілеті дамыған және керек кезінде «жоқ» дей алатын балалар уақытын дұрыс пайдалану мәселесінде көп қиналмайды.

Адамдар сәбилік және балалық шақтарында уақытының көбін отбасымен бірге өткізеді. Уақыт ұғымы мен уақытты дұрыс пайдалануды да сол кезеңде отбасы мен білім ошақтарында үйренеді. Зерттеу жұмыстары бала мінезінің 90 %-ына жуығы 7 жасқа дейін қалыптасатынын анықтаған. Солай болғандықтан, әсіресе 7 жасқа дейін уақытты дұрыс пайдалануға қатысты үйренгендері өмір бойы әр сәттің қадірін білетін және соған сай әрекет ететін тұлға болуына үлес қосатыны сөзсіз. 

Уақыт жайлы ұғым 3-4 жастан бастап дамиды 

Зерттеулер балалардың уақыт жайлы түсінігінің 3-4 жастан бастап қалыптаса бастайтынын анықтағанмен, балаларға уақыт ұғымын түсіндіруді бастаудың белгілі бір жасы жоқ. Туғаннан бастап баланың күнделікті қажеттіліктерін уақтылы өтеу, байланыс құру үшін жұмсалатын уақыт, баланың сана-түйсігінде уақыт жайлы түсінік қалыптасуына әсер етеді.

Уақыт ұғымын түсінудің алғашқы сатысы: Есте сақтау, ой жіберу, кезекпен орындау, ойша сараптау

Баланың үйренгендерін ойда сақтауы және жүйелеудегі түсінігі, жады мен кезекпен істеу дағдысына қол жеткізуі баланы уақыт ұғымын пайымдауға жетелейді. Әлі тілі дұрыс шықпаған бала ата-анасынан уақыт ұғымына байланысты “Қайырлы таң, түскі астан соң кітап оқимыз, кеше ойнадық”, деген секілді сөздерді естіп, санасына сіңіруі уақыт ұғымының бала ойында орнығуын жеңілдетеді.

Мінез-құлық тәрбиесінің бір тармағы уақытты дұрыс пайдалануды үйрету

Уақытты дұрыс пайдалануды үйрету амалдары, негізінде мінез-құлық тәрбиесінің құрамдас бір бөлшегі екендігі анық. Бала мінезінің жетіліп, дамуына қатысты  тәлімдік бүкіл амал-тәсілдер оның уақытын жоспарлы  және өнімді түрде пайдаланатын тұлға болып қалыптасуына көмектеспек. Бұл тұрғыда баланың алғашқы ұстазы анасы мен әкесі екендігін естен шығармаған жөн. Баланың өзіне ең жақын отбасы мүшелерін үлгі ететіндігін ескергенде, ата-ананың әуелі өз жұмыстарын жоспармен жүргізуі балаларға оң үлгі болмақ. Егер ата-ана өз жоспарларын басқа біреуге «жоқ» дей алмағандықтан бұзатын болса, бала да осы әрекетті қайталап, өз уақытын қиналмай басқалардың ризашылығы үшін құрбан етуді кішіпейілділік санап қателікке ұрынады.  

Баламен тілдескен кезде

Баланың жасына қарай белгілі бір мерзімде не істегенін не болмаса не істейтінін сұрап тұруға болады. Мәселен, “Таңертең тұрған бойда не істедің? Мектептен келген соң не істемек ойың бар?“ тәрізді тәулік мерзімдерін қосып сөйлесу керек. Мұнда мән берілуі керек мәселенің бірі – жаңағыдай нәрселерді дағдылы бір уақытта күнделікті сөз еткен жөн. Баламен сөйлескенде әуелі, кейін, таңертең, кешке, т.б. уақыт білдіретін сөздерді қатыстыра тілдесу, мысал үшін, “қайырлы таң, бөлмеңді жинаған соң ойнасаң болады, мектептен келгеннен кейін, қолыңды жуған соң тамағыңды ішуге болады”, деу oған уақытты дұрыс пайдалану тәрбиесін беруде жақсы амал.

Белсенді жұмыс түрлеріне уақыт бөлу

Балалар бірдеңе істегенді ұнатады. Бұл тұрғыда уақытты тиімді пайдалану тәрбиесі үшін жасалар қадамның бірі – балаларға қандай да бір жұмысты орындауға белгілі уақыттың бөлінуі. Әлі “сағат, минут” секілді ұғымдар бала үшін дерексіз нәрсе болса да, бір жұмыс түріне уақыт берілуі бала үшін “сана сағатының” қалыптасуына пайдасын тигізеді. Aлайда, бұл уақытты дұрыс есептеу керек, әйтпесе бұл ісіңіз үйрету мен тәрбиеден гөрі баланың мазасын қашырар іске айналуы мүмкін.

Уақытты тиімді пайдалануда намаз уақыты

Балаларға уақытты тиімді пайдалану дағдысын үйретудің ең жақсы жолдарының бірі – намаз уақытын белгілі мерзім ретінде белгілеу. Балаға кез келген жұмыс үшін берілген уақытты белгілеуде намаз уақытын пайдалануға болады. Мәселен, “Бесін намазынан кейін аулаға шығуыңа болады”, деген сөз бала үшін “ғибадатқа қатысты сана сағатын” қалыптастыруға көмектеседі. Баланың және басқа да отбасы мүшелерінің күнделікті өмірінде белгілі бір жүйенің орнығуына себін тигізуі мүмкін. Бұл жоспарлы жүйе қаншалықты жақсы құрылып, бұлжымай орындалса, баланың уақыт қадірін ұғынуы да сол дәрежеде оңтайлы болмақ.

Балаға міндетінің сoл сәтте aйтылмағаны жөн

Балаға орындауы керек міндетті сoл сәтте айту, онсыз да ұмытшақ баланның уақытты тиімді пайдалануына кедергі келтіруі мүмкін. Оған уақыт бөлу дұрыс болмақ. Бір істі (сағат, минут дегенді әлі үйренбеген болса да) 5-10 минуттай ертерек есіне салу баланың уақытты тиімді пайдалануына жақсы әсер етеді. Mәселен, “10 минуттан соң кітап оқимыз”, дегендей. 

Сабыр және тұрақтылық

Жалпылама алып қарағанда, отбасы өмірінде жүйе, тәртіп болуы баланың да уақытты жоспарлауына түрткі болады дей аламыз. Балаларға уақытты тиімді пайдалану дағдысын үйрету сабырлы, тұрақты ата-аналар мен тәрбиешілер үшін аса қиын нәрсе емес. Сондай-ақ, балаға уақытты дұрыс пайдалануға қатысты әдет, амалдарды үйреткенде бұйыра сөйлеудан аулақ болып, өтініп, үміт ететінін көрсететіндей жылы сөзбен тілдесу ата-ананың жұмысын жеңілдете түседі.